«Тұлпар мініп, ту алған» байқауының жеңімпазы
Елімізде оқушылар арасында батырлар жырын жатқа оқудан «Qazaq Epos» республикалық жобасы қолға алынды. Байқау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді іске асыру мақсатында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бастамашы болып, өз кезегінде Білім және ғылым министрлігі қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Ұйымдастырылып отырған «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының мақсаты – әманда ел тағдырын биік қойған ерлік дастандарымен өскелең ұрпақты сусындатып қана қоймай, ықылым заманнан бері келе жатқан жыршылық дәстүрді қайта жандандыру.

Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында өтеді. Қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырды мағыналы-контекстік тұрғыда талдауы тиіс. Одан бөлек, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.
Аудандық деңгейдегі байқау 10 балдық жүйемен белгіленді, сондай-ақ 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – жырдан сайыс. Екі адам шығып сайысады. Екінші кезең – жер-су аттары бойынша. Яғни, жырдағы болған оқиға негізінде сұралады. Үшіншісі – көнерген сөздердің мән-мағынасын ашу.
Байқаудың аудандық кезеңінде 1-орын үшін 150 мың теңге, 2-орынға 100 мың теңге, 3-орынға 50 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде тағайындалып отыр.
Қыркүйектің 12- і Алматы қаласы Жетісу ауданы мектептері арасында өткен аудандық кезеңде 3 жеңімпаз анықталып, оқушылар қалалық қорытынды кезеңге жолдама алды.

№102 жалпы білім беретін мектеп оқушылары да белсенділік танытып аудандық кезеңге қатысты. 6- сынып оқушысы Ауэлбекова Гульнур және 8-сынып оқушысы Бексұлтанова Лаура Аккамиева Самал Мейрамовна жетекшілігінде, 8-сынып оқушысы Касенали Жулдыз Бажиева Татьяна Васильевна жетекшілігінде және 7-сынып оқушысы Нұрқасым Диана Рабилова Айгерім Орынбасаровна жетекшілігінде «Кіл мықтыда кім мықты?» дегендей, «мыңнан – тұлпар» шыққандардан «жүзден – жүйрік» болу үшін өз бақтарын сынып көрді.
Тайжарысқа тайсалмай келгендердің арасынан алпыс түгілі «сексен, тоқсан беттерді» шаң қаптырып, шашасына шаң жұқтырмай жүз отыз беттен артық жырды толық жаттаған Ауэлбекова Гульнур мәрелі 3-орынды иеленіп, оған 50 мың көлемінде ақшалай жүлде тағайындалды.


№102 ЖББМ математика пәні мұғалімі: Ауэлбекова Г.У.